Жаңалықтар

19.06.2020 ж. "Елсана ақындарын" марапаттау!

"Елсана" рухани-патриоттық қауымдастығы, "Әлібек" ақындар алаңының әлеуметтік желіде ұйымдастырып, ай жарымға созылған онлайн-мүшәйрасы бүгін қорытындыланып, БАҚ-на жария етілді. Әр өңірден 20-дан аса ақын қатысқан додаға комиссия төрағасы болып ақылдастар алқасының басшысы, ел ағасы Бақтыбек Таубаев бекітіліп, "Әкелер" алаңының төрағасы Мәлік Мақсотұлы, ақын-композитор Ерғали Тапанұлы, облыстық "Атырау газетінің бас редакторы Исатай Құндызбайұлы, "Көкжал" батырлар алаңының төрағасы Орақ Кенжеғалиев, "Ғасырлар сыры" алаңының төрағасы Серік Сапанов, Қауымдастық президенті Нұрберген Дәулетов, комиссия хатшысы Арман Жайықбаев т.б. "Елсана" азаматтары қазылық етті. Нәтижесінде ІІІ-орын жас ақын Айбат Теміржанға, ІІ-орын Ақтілек Абайқызына, І-орын Нұрислам Құспанғалиға, Бас жүлде Серікбол Панабердіге бұйырды. Оларға арнайы диплом мен ақшалай құрмет көрсеткен Қауымдастықтың қазақы салт-дәстүр мен рухани-патриоттық бағыттағы жұмыстары жетерлік. Жопар көп. Мына қиын кезеңнен алдырмай өтіп, елімізді амандықта көрісуге жазсын! Ортақ іске бірге жұмылайық, ағайын!