Жаңалықтар

06.12.2019 "ҚАРА МАЙОР" жауынгерлер алаңы ашылды.

Бүгін Елсана руханият клубы тағы бір алаңмен толықты. Алаңды ерекшелеп ашқанымыз болмаса, біздер екі жылдан бірге жұмыс жасап түрлі шараларды бірлесе атқарып келеміз. Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің басы қосылып, республиканың түкпір-түкпірінен келген қонақтарын да қарсылып, қызықты ұлттық ойындарымызға қатысып, өнерлерін ортаға салуды үнемі дәстүрге айналдырып отырмыз.

Шараға ауған соғысы ардагерлері, Атырау қаласындағы әскери бөлім жауынгерлері мен қызметкерлері, атап айтсақ, Шекара қызметі 2016 әскери бөлімінен, Ұлттық Ұлан 5546 әскери бөлімінен, Қорғаныс министрлігінің барлау бөлімі 41433 әскери бөлімдерінің қызметкерлері, ішкі істер бөлімі ардагерлері, колледж студенттері, мектеп оқушылары және Елсана руханият клубының жетекшілері, мүшелері қатысып отырды.

Ауған соғысына қатысқан кешегі бозбала, бүгінгі жігіт ағалары осы жерде тағы да бас қосты. Олар бір-бірімен кездесіп қуанса да, жүректерінің түкпірінде елге оралмай қалған, оралса да темір табытпен туған жерінен мекен алған боздақтарды еске түсірді.

Ауғанстан жеріндегі қозғалыстар мен іс әрекеттер бір ғана сөзге тоқталады ол - соғыс. Бұл баршамызға сабақ болатын, өмірбақи есімізде қаларлық қайғы қасіретті ешкім де, ешкашанда ұмытпайды.

Сұрапыл майданда келмеске кеткен қандастарымыздың жанды бейнелері, олардың аты мен жасаған ерліктері ұрпақ жадында мәңгі сақталады, сақталмауы мүмкін емес.

Ауған соғысында құрбан болған барлық жауынгер ағаларымызды, 2019 жылдың 12 ақпаны күні ауыр науқастан дүние салған қазақтың «Қара майоры» атанған Борис Төкенұлы Керімбаевты жиналған жұртшылық, бір минут үнсіздік жариялап еске алды.

Индустриалдық колледж оқытушысы Құспанов Фарабтың орындаған "Виват" әні өткен сұрапыл соғыс жылдарын көз алдымызға қайта әкелді. Соғыстан оралмай қалған боздақтарға, өмірден өткен жолдастарына тағзым етілді.